Маңғыстауда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қаржыландыруымен «Жарқын болашақ» бағдарламасы орындалып жатыр. Бағдарлама ауданда білім алатын 12-22 жастағы жасөспірімдер мен жастарға орта, кәсіптік білім беру ұйымдарына түсуге жағдай жасайды. Өтінім 20 мамыр және 6 маусым аралығында қабылданады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқудан өткен жастар сапалы білім алып, болашақта кәсіптік мамандықпен жұмысқа орналасуға, жоғары оқу орнына түсіп, білімін жалғастыруға толыққанды мүмкіндік алады. Қазіргі таңда бағдарлама аясында Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандарынан 674 бала 56 білім ордасында білім алып жатыр.
Сонымен қатар биыл Маңғыстау облысының Бейнеу, Мұнайлы аудандарының жастары да өтініш беріп, бағдарламаның қатысушысы бола алады. Жаңаөзен қаласы мен басқа да аудандардағы орта мектеп оқушылары, 18-22 аралығындағы жастар zharqynbolashaq.kz сайты арқылы өтініш беріп, 2024-2025 оқу жылына арналған 600 оқу грантына қатыса алады.
Ол үшін zharqynbolashaq.kz сайтына өтініш беріп, өзі туралы қажетті құжаттарды жүктеп, сұқбатқа шақырту алуы қажет. Сұқбат барысында қатысушымен жүзбе-жүз кездесіп, сәтті өткен жағдайда білім беру ұйымының көрмесіне қатысуға жіберіледі.
Көрмеде әр оқу орнының ішкі тәртіп ережесіне сәйкес іріктеу жүргізіледі. Сыннан сүрінбей өткен жастар ғана «Жарқын болашақ» бағдарламасының грант иегері атанады. Жоба үйлестірушілері толығымен ақпараттық, логистикалық және психологиялық қолдау көрсетіп отырады. Олармен үнемі байланыста болып, бағыт-бағдар береді.
- ҚазМұнайГаз грант иегерлерінің оқу ақысы төленіп, жоғарылатылған шәкіртақы беріледі. Оқу демалысындағы жол шығындары белгілі мөлшерде өтеледі. Қазіргі таңда бағдарлама ұйымдастырушылары аймақтарды аралап, оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аймақтардың білім бөлімі басшылары, мектеп директорлары, кәсіби бағдар берушілермен жүздесіп, бағдарламаның іріктеу кезеңі жөнінде ақпараттармен бөлісті, - дейді компанияның баспасөз қызметі.